Жылу энергиясын пайдалану қағидалары

09.12.2020

ҚР Энергетика министрінің 2015.30.11. № 678 бұйрығымен 34-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

34. Энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйым мынадай жағдайларда:

1) жылумен жабдықтау шартында белгіленген мерзімдерде пайдаланылған жылу энергиясы үшін төлем жүргізілмегенде, сондай-ақ толық төленбеген жағдайда;

2) жылу желісіне жаңа қуаттар мен қосалқы тұтынушыларды өз бетімен қосқанда;

3) жылу тұтыну жүйелерін коммерциялық есепке алу құралдарына дейін қосқанда;

4) энергиямен жабдықтаушы ұйымның келісімінсіз шартта көрсетілген есептік жылу жүктемелері мен шарттық режимнен асыра қолданғанда;

5) егер тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, шартта көзделген конденсат көлемінің 30 %-ынан кемін қайтарғанда;

6) жылу тұтыну жүйесіне қызмет көрсету үшін тиісті біліктілігімен персонал болмағанда (жылу энергиясын тұрмыстық қажеттіліктер үшін пайдаланатын тұтынушыларды есептемегенде);

7) жергілікті атқарушы органдардың ұйғарымдарын белгіленген мерзімдерде орындамағанда;

8) осы Қағидалардың техникалық талаптарын бұзғанда;

9) жылу тұтынатын жүйелерге және (немесе) жылу энергиясын коммерциялық есепке алу құралдарына жергілікті атқарушы органдар мен энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның өкілдерін жібермегенде;

10) апаттық жағдайда;

11) күзгі-қысқы кезең жұмысына тұтынушыны жылу желілері мен жылу тұтынушы қондырғыларға техникалық дайындығы актісі болмағанда энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның жылу желілеріне қосқанда тұтынушыға жылу энергиясын беруді толық немесе ішінара тоқтатады.

Бұл ретте энергия беруші ұйым жылу энергиясын беруді толық немесе ішінара:

осы тармақтың 1), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 11) тармақшаларында көрсетілгендей бұзушылық анықталған жағдайда, егер шартпен өзгеше көзделмесе, жылу энергиясын беруді тоқтатқанға немесе шектегенге дейін кемінде үш тәулік бұрын энергиямен жабдықтаушы ұйым тұтынушыға жазбаша хабарлағаннан кейін (хабарлама ұсыну арқылы) немесе жылу энергиясын тұрмыстық қажеттілікке пайдаланбайтын тұтынушыларға электрондық почтаға, факсқа хаттама жолдау арқылы тоқтатады;

осы тармақтың 2), 3), 10) тармақшалары бойынша - ескертусіз дереу тоқтатады.

35. Қағидалардың 34-тармағында көрсетілген жылу энергиясын тұтыну кезінде тұтынушы жіберген бұзушылықтар орын алғанда энергия беруші (энергия өндіруші) немесе энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың өкілдері мен тұтынушы екі дана екіжақты акт ресімдейді, олардың біреуі тұтынушыға беріледі.

Акт тұтынушы актке қол қоюдан бас тартқан кезде де, бірақ оны құрамы кемінде үш адамнан тұратын энергия беруші (энергия өндіруші) немесе энергиямен жабдықтаушы ұйымның комиссиясы ресімдеген жағдайда жасалады. Көп қабатты ғимараттарды комиссия құрамына комиссия құрамына кондоминиумды басқару органының өкілі кіреді.

36. Бұзушылық актісі негізінде энергиямен жабдықтаушы немесе энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым есепке алынбай қалған жылу энергиясының мөлшерін анықтайды және қайта есептеу сомасын негіздей отырып, тұтынушыға жібереді.

37. Тұтынушы қайта есептеумен келіспеген жағдайда, тараптардың қатынасы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында орнатылған тәртіппен реттеледі.

38. Тұтынушы желі суын рұқсатсыз алған, жылу тұтыну жүйесіне өз бетімен қосылған, тұтынушы коммерциялық есепке алу құралдарын бүлдірген, есептеу торабында орнатылған пломбалар бұзылған немесе болмаған жағдайда энергия беруші (энергия өндіруші) және (немесе) энергиямен жабдықтаушы ұйым акт жасайды, оның негізінде тұтынушы пайдаланған жылу энергиясының көлемінде қайта есептеу жүргізіледі.

Ыстық су бойынша қайта есептеу жылдан аспайтын кезеңде, ал жылу жүйесі үшін жылыту маусымының басынан бастап осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген жағдайлар байқалған сәтке дейін жүргізіледі.

Акт энергия беруші (энергия өндіруші) және (немесе) энергиямен жабдықтаушы ұйым өкілдерінің және тұтынушының немесе оның өкілінің қолы қойылған жағдайда жарамды. Акт тұтынушы немесе оның өкілі қол қоюдан бас тартқан жағдайда да, бірақ энергия беруші (энергия өндіруші) және (немесе) энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың құрамында кемінде үш адам бар комиссиясы ресімдеген жағдайда жасалады. Көп қабатты ғимараттарды комиссия құрамына кондоминиум басқару органының өкілі кіреді.

39. Өз желісіндегі апаттың алдын алу немесе оны жою жөнінде шұғыл шаралар қолдану үшін энергия беруші немесе энергия өндіруші ұйым, апатты алдын алу және жою бойынша шұғыл шараларды қабылдауға, тұтынушыға энергиямен жабдықтаушы ұйым толық бермеген жылу үшін қайта есептеумен, оны міндетті ескертумен тұтынушының жылу тұтыну жүйесін уақытша ажыратады.

Жаңа тұтынушыларды қосу және жабдықты жөндеу бойынша энергия беруші ұйым жоспарлы жұмысын өткізу үшін резервті қоректің болмауында жылумен жабдықтау шартында осы мақсаттар үшін тұтынушыларды ажырату тәртібі көзделеді.